Руханият • 29 Наурыз, 2018

«Студент» пе, «оқиды» ма?.. (әңгіме)

959 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Сонау бір қызықты да думанды студенттік шақта ҚазМУ-дің журналистика фа­ку­льтетінің деканатына рес­пуб­ликалық «Жалын» баспасынан бейтаныс кісі телефон шалып: «Сіздерде Нұрғали Оразов деген бала оқи ма? – деп сұрапты. – Ендеше ертең сағат 10-да біздің проза және поэзия бөліміне келіп кетсін.»

«Студент» пе, «оқиды» ма?.. (әңгіме)

Мұны маған деканның қа­былдау бөлмесіндегі хатшы апай айтып және ондай жауапты жерге кешікпей баруым керек екендігін қатаң ескер­тті. Сөйтіп ертеңіне айтыл­ған уақытта әлгі бөлімнің есі­гін қағып, ішке кіріп, жазу үстел­дері бір-біріне қарама-қар­сы қойылған екі кісіге сәлем бердім.

– Иә-ә, кел, бала, – деді шашын артына қайырған қараторы өңді, жылы жүзді қаламгер ақырын ғана басын шұлғып.

– Шақыртқан екенсіздер...

– Ә-ә, КазГУ-ден келдің бе? Аты-жөнің кім?

Айттым.

– Білем, білем! Біз сенің «Долана» деген әңгімеңді жас жазушылардың «Арман қана­тында» атты жинағына енгізейін деп отыр едік, енді соның аннотациясына қысқаша өмірбаяндық деректерің керек болып тұр. Мен осы жинақтың редакторы – жазушы Нұрқасым Қазыбеков деген ағаң боламын. Ал мына кісі қазақтың көрнекті ақыны – Өтежан Нұрғалиев. Білетін шығарсың?

– Білем.

– Ендеше мен жазып алайын, сен айта бер.

Сөйтті де Нұрқасым аға менің қай жылы, қай айда, қай күні, қай жақта туғанымды жазып жатып, КазГУ-дің журналистика факультетінің студенті деген тұсқа келгенде аз-кем кідіріп қалды.

Сонсоң өзіне қарама-қар­сы үстелде отырған ақынға сұрау­лы пішінде көз салып:

– Өтеке, қалай ойлайсыз, КазГУ-дің студенті деп жазғанымыз дұрыс па, жоқ әлде, КазГУ-де оқиды дегеніміз жөн бе? – деді.

Көз алдындағы қалың қол­жазбадан ақырын ғана басын көтеріп, астыңғы ернін жым­қырып, аясы үлкен дөңг­е­лек жанарын кең ашып, маған бір уақ қадала қарап қалған ақын Өтежан Нұрғалиев:

– Ол енді, бұл баланың өзіне байланысты ғой, – деп тағы біраз кідірді. – Егер шын мәнінде сабаққа барып, лекция тыңдап, үйге берілген тапсырмаларды орындап жүрсе, «оқиды» деп жазғанымыз дұрыс. Ал егер, қашып-пысып, қыдырып, бір сабағына келіп, екіншісінен кетіп қалып жүрген қу болса, онда «студенті» дей салған жөн болады меніңше!

Осы сәтте Өтекеңді мұқият тың­дап отырған Нұрекең – бел­гілі жазушы Нұрқасым Қазыбеков қарқылдап күліп жіберді. Мен де шыдай алмай, жымың ете қалдым.

Кейін кітап басылып шық­қанда бір-ақ көрдім ғой, қайран ағаларым «оқиды» деп жазыпты.

Нұрғали ОРАЗ,

«Егемен Қазақстан»